Өмірді жеңілдететін өнертабыстар
ХХІ ғасыр – техниканың озық дамыған ғасыры екенін барлығымыз әлдеқашан түсінгенбіз. Күнделікті өмірде атқаратын іс-әрекетіміздің көбісі тікелей өнертабыс туындыларымен байланысты. Туылғанда куәлікті үкіметтің электронды порталында рәсімдеп, мектепте білімді оқулықтан емес ғаламтордан алып, тіпті денсаулығымыздағы кінәратты да анықтау үшін рентген, маммограф, кардиограф секілді жаңа инновациялық қондырғыларды қолданамыз. Жалпы айтқанда, өнертабыстарды өміріміздің әрбір кезеңінен таба аламыз. Сол технологиялардың ең басты мақсаты - адам өмірін әлдеқайда жеңілдету. Осы ортақ мүдде үшін түрлі сала өкілдері аянбай тер төгуде.
Жаңа технологиялар өмірдің барлық саласын қамтуда. Атап айтсақ, медицина, өндіріс, мектеп, қорғаныс күштері, қаржы жүйесі және т.б. Мысал ретінде аз ғана уақыт ішінде аты әлемге тез жайылған бейнені үшөлшемді форматта басып шығаратын принтерлерді алайық. 3d принтердің өндіріске енгізілуі өнімнің жылдам дайындалуын, алып объектілердің кішірейтілген, аса дәлдікпен жасалған макетін алуды, микро және макро бөлшектердің жасалуын қамтамасыз ететіні туралы Клаус Швабтың «Четвертая промышленная революция» деген кітабында жазылған. Бұндай құрылғылар алып зауыт-фабрикалар мен жұмыс күшін ауыстыра алады. Бірақ, бұл өнертабысты өндіріске еңгізсек қаншама адам тұрақты табысынан айырылады және 3d- принтердің мүлтіксіз жұмыс жасауына ешкім кепіл бере алмайды. Себебі, техниканың аты техника, кез-келген уақытта ол істен шығып қалуы мүмкін. Принтерді өндіріске енгізу кез-келген нәрсенің көшірмесінің жасалуына жол ашады, ал бұл өз кезегінде авторлық құқықты бұзып, қылмыстың көбеюіне себеп болады. Дегенмен, осынау принтерлер адам мүшелерін жасауға көмектесуі мүмкін. Әсіресе, адамның және жануарларының қол-аяқтарының протездерін жасауда таптырмайтын зат. Бұны 3d-принтерлердің айрықша жасалу технологиясымен байланыстыруға болады. Бұл әсіресе донор тапшылығына ұшыраған адамдарға өте өзекті. Сол себепті, бұрын фантастикаға балаған, ал қазірде кейбір кинолардан көріп жүрген таңғаларлық заттар көп ұзамай шындыққа айналып, өмірімізді әлдеқайда жеңілдетуі мүмкін. Бұдан да масштабы жағынан ауқымды, біртұтас қала инфраструктурасын қамтитын «Ақылды қала» инновациялық стартап жобасы да бар. Бұл жобаның тұжырымдамасы бірнеше ғалымдар тобымен талқыланған. Яғни, бұл смартқалашықта бағдаршам жоқ, логистикасы жолға қойылған, су және кәріз құбырлары, электр желілері автоматтандырылып, тек орталыққа есеп жіберіп отырады. Тек ең бастысы – ақауды дер кезінде байқау, әйтпесе бұл барлық жүйе компонентерінің жарамсыздығына алып келеді. Ғалымдар 2025 жылға қарай ақылды қалалардың санының артуына сенімді. Сол себепті 15-20 жылдықта біздің Қазақстанға да келері анық. Ақылды қала концепциясы алғаш болып «Highvill Астана» тұрғын үй комплексінде енгізілді.
Қазақстан демекші, өнертапқыштар да шетелден қалыс қалмай, жаңа өнертабыс туындыларымен елін қуантуда. Мысалы, электронды бесік туралы ақпарат әлеуметтік желі арқылы тез таралып, көп адамды өзіне тәнті етті. Себебі, бұл смарт бесік жас аналар және көп балалы аналарға көп көмегін тигізді. Алғашқылардың бірі болып сатып алған жандар бесікті тек мақтайды. Ол мақтаулары да орынды. Бесіктің дизайны эстетика жағынан жинақы, ұлттық нақышта әрі сәбидің ыңғайына қарай ойластырылған. Бұл смартбесіктің идеясы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының тұжырымдамасына сайма сай, яғни бұл біздің ұлттық кодымызды сақтап дамуымыздың дәлелі болмақ. Тағы да бір отандық өнертапқыш, Қостанай өңірінің тумасы, Бақытжан Әлменов гидравликалық қондырғы ойлап тапты. Өз өнертабысын ол осыдан 10 жыл бұрын Женева халықаралық бюросына тіркетіп, патент алған. Қондырғы «Әлменовтың гидравликалық қондырғысы» деп аталады. Бұл қондырғы ауаны компрессиялап, содан энергия алады. Бүгінде 1 килловтт электроэнергия 15 теңге тұрады. Бақытжан Әлменовтың қондырғысын іске қосса, бұл баға 2-3 теңгеден аспайды. Энергияның өзіндік бағасы төмен болған соң өндіріс, қызмет көрсету түрлері, коммуналдық қызметтер, жалпы барлық зат арзандайды. Менің ойымша, осынау қымбат заманда Әлменовтың гидравликалық қондырғысы сияқты өнертабыстар үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ энергия алудың жаңашыл бұл әдісі елімізде жүзеге асуы үшін көп қаражат пен толықтыруларды талап ететіні анық.
Қорытындылай келе, әлемдік немесе қазақстандық өнертабыстар ел мүддесі үшін, елдін әл-ауқатын қөтеру үшін жасалса дұрыс-ақ, себебі қазір көп өнертапқыштар жарылғыш зат, ядролық қару, химиялық улы препарат, қару-жарақ жасауға қызығушылықтары жоғары. Өкінішті, әрине, бірақ шындықтың аты шыңдық, одан аса алмаймыз. Сол себептен де, жастарды ғылымға баулып, оның ішінде дұрыс бағытқа бұрып, ел болашағы мен халық жағдайын өзінің пайдасынан биік қоя білетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.
Пайдаланылған әдебиет
- https://massaget.kz/layfstayl/bilim/zharatylystanu/16170/
- «Четвертая промышленная революция» Клаус Шваб
- adilet.zan.kz