Аманғали Қуаныш

Менің сүйікті өнертабысым және ол адамзатқа не берді?

 

Осыдан екі жыл бұрын, телефонды қолыма ұстап, 3-4 сағатқа ютубқа кіріп кетіппін. Жаз кезі жақындап қалыпты, оқуға ынтам жоқ, тек демалғым келді. Ютубта жаңа технологиялар, инновациялар жайында бейнелер сол кезде ерекше танымал болған. Сонын біріне қызыққаным сонша, тамаша ой келді - диванда шалқайып жатқанымнан гөрі, өзім де инновация жасай алсам ғой, шіркін...? Сол кезде біреу есікті қақты. Қарасам, әкем екен. Ол кісімен сәлемдесіп, жайын сұрадым.

- Бәрі шүкір, осы жаңа ғана Қан орталығынан келе жатырмын.

- Онда не істедіңіз?

- 300 миллилитр шамасында қан тапсырып келдім. Әріптестеріммен бірге жиналып, игі іс жасағымыз келді – деп әкем күлім сіреді. Қаламызда жаңа, әрі кең қан орталығы бар, бірақ қиындығы - қантапсырушылар саны жеткіліксіз екен. Көбінесе, донорлардың көпшілігі жасықырық-елулер шамасындағы үлкен аға-апаларымыз екен, ал олардың арасында жастар өте аз екен. Осылардан кейін басымдытосын идея шыр айналдырды. Жастарды ерекше жолмен қан тапсыруға қызықтырса, қалай болар екен?

Ойымды әкеммен бірге талқылап,іске кірістім. Университеттерде донор болуды үгіттейтін постерлар орнатып, сілтеме бойынша сауалнама жүргіздім.Сауалнамаға қызығушылық танытып, қан тапсыруға үлес қосқысы келген  студент аты-тегін, телефонын және қан тобын жазып қалдырады. Одан кейін қан орталығының мамандары хабарласып, оны донацияға шақырады.

Жобаны жүзеге асыру үшін бір ай уақыт кетті. Меносы уақытта шабыттану және мотивация деген сөздермен бірінші рет шын өмірде кездестім. Қолым қол емес, құс қанатына айналғандай сезімде болдым, қалықтап ұшып жүрдім. Қан орталығының әкімшілігімен кездесіп, жобаны жүзеге асыруға кірістік. Бәрі дайын болған соң, достарыма хабарласып, жобаның видео нұсқасын түсірдік. Осылайша, мамыр айының соңында алғаш рет жобалар арасындағы сайысқа қатыстым. Біраз тәжірибе меңгердім, үлкен аудитория алдында сөз сөйледім. Қазір Астанаға көшіп кетсем де, жобамды тастаған жоқпын. Жаңа достарыммен бірігіп, басталған ісімнің тұжырымдамасын одан әрі дамытып, жұмысты жалғастырып жатырмыз.

Қазіргі уақыттағы донор іздеу жүйесі ескірген және көп адамды қамти алмайды, сондықтан жүйені жетілдіру керек. Менің идеяммен құрылған «Zhureq» инновациялық жобасы бұл мәселенің тиімді жолдарын сәт сайын дамытып жатыр. Жоба көп шығынды қажет етпейді, бірақ көп адамның өмірін құтқарып қалады. «Zhureq» инновациялық жобасы оқушылар мен студенттерге қолдау көрсету үшін ұйымдастырылып, Ақтау қаласында өткізілген "Caspian Start-Up 2018" стартап жобалар конкурсының іріктеу кезеңінің финалын жеңіп алды. Конкурстан кейін Ақтау қаласының қан орталығымен жұмыс істеу құқығын иеленді.

Қорытындылай келе, «Zhureq» инновациялық жобасын қазіргі уақытта жалпы қазақстанда дамытып, болашақта ТМД елдеріне тарату жоспарланып отыр. Инновациялық жоба - халыққа қолжетімді, сапалы аналог. Сөз соңында айтқым келетіні, мен бұрын ізгілік деген сөзді естісем де, мәнін терең түсінбеппін. Ізгілік – адам игілігі үшін атқарылатын әрекет, өз жайыңды ғана емес, адамзаттың күйін, жер бетіндегі тіршілік иелерін жақсы көрумен ғана шектелмей, оларға жақсылық жасау. Адамдарды адамдарға жақсылық жасауға шақыра жүріп, өзімнің нағыз адам болып келе жатқанымды сезінемін. Нағыз адам – ізгі адам!